ЖАҢАЛЫҚТАР
Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы резолюция қабылдады

14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдады. Еуропарламент Қазақстан билігін "адам құқықтарын құрметтеп, халықаралық талаптарды орындауға, саяси қудалауларды тоқтатуға" шақырды.
Құжатта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174 және 274-баптарын (ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату) қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалайтыны айтылған.
Еуропарламент Астананы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, оны қолдағандарды "қудалады" деп сынады.
Еуропарламент резолюциясында кәсіподақ жетекшілері Нұрбек Құшақбаевтың, Әмин Елеусіновтің, Лариса Харькованың, белсенділер Ардақ Әшім, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Елена Семенова, Абловас Жұмаевтың есімдері аталады.
Резолюцияда "Қазақстанда саяси тұтқындар артып келе жатыр. Әйелдерге зорлық-зомбылық жасалады. ЛГБТ өкілдеріне қысым көп" деп жазылған.
Еуропарламент Қазақстан билігінен саяси тұтқындарды босатуды, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарына қысымды тоқтатуды, БАҚ туралы заңды қайта қарауды, демократия құндылықтарын бағалауды талап етті.
"Қазақстанда адам құқықтары жыл сайын нашарлап барады. Еуропарламент Қазақстанға қатысты қандай да бір шара қабылдауы тиіс" деді депутат Хейди Хаутала.
13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.
Басқа да жаңалықтар
Бішкектегі мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді

Бішкектегі №33 мектеп-гимназияға қазақ жазушысы, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, мектепке қазақ жазушысының есімін беру туралы бастаманы президент Сабыр Жапаров көтерген.
№33 мектеп-гимназиясында соғыс жылдары жаяу әскер училищесі орналасқан және Кемел Тоқаев соны бітіріп, сол жақтан майданға аттанған деседі.
Бір ай бұрын Қазақстан президенті осы мектепке арнайы автобусты сыйға тартқан.
Кей сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері Қазақстанның өз ішінде оның әкесінің есімі жиі аталып, оны мақтау мен мадақтау жиілегенін айтады. Кейбірі Назарбаев кезеңіндегі жеке басқа табынушылық белгілері көріне бастағанын да айтқан.
Бұған дейін жергілікті шенеуніктер Кемел-Тоқаевтың суреті салынған ондаған кілем мен оның бейнесі бедерленген 200 медаль жасауға тендер жариялап, кейін қоғам сынынан кейін алынып тасталған еді. Тоқаевтың өзі жергілікті ақпарат құралдарына өзінің "мақтау-мадақтауды жараптайтынын", ондайға “табиғи иммунитеті” барын айтқан.
Астана соты белсенді Ермек Нарымбайды бес күнге қамады

Астана соты “сот шешімін орындамағаны үшін” (669-бап, 1-бөлігі) белсенді Ермек Нарымбайды бес күнге қамады. Бұл жөнінде сот қаулысына сүйенген ҚазТАГ жазды.
Сот қаулысында "әлеуметтік әділетсіздікті" қалпына келтіру және "заңды бұзған адамды тәрбиелеу" мақсатында, сонымен бірге оның "қайта заң бұзуына жол бермес үшін" белсендіні қамау туралы шешім шығарылғаны жазылған.
Әкімшілік хаттамаға қарағанда, биыл 20 наурыз бен 21 сәуір аралығында Ермек Нарымбай Facebook желісінде "әлеуметтік-саяси, экономикалық мәселе туралы он жазба жариялаған".
Бұған дейін адвокаты Василий Садықов бірнеше күн бұрын Ермек Нарымбайды полиция қызметкері "оның қолын қайырып, тіпті аяқ киім киюіне де мүмкіндік бермей, үйінен күштеп алып кеткенін", белсендінің денесі ауырғанын жазған еді. Полиция ол кезде түсініктеме бермеген.
2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.
Сот шешіміне қарағанда, Нарымбай процесс кезінде бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған бап өзгеріске ұшырағанын, сол себепті сол бап негізінде шыққан сот қаулысының заңдық күші жоқ екенін айтып, іс материалдарын Конституциялық сотқа жіберу туралы өтініш білдірген. Бірақ сот оның өтінішін орындамаған.
Ермек Нарымбай дәл осындай баппен наурыз айында да бес күн қамауда отырып шыққан еді.
Шолпанға жіберілген совет аппараты 53 жылдан кейін Жерге құлады

Байқоңыр айлағынан ұшырылған Шолпанға жіберілген советтік «Космос-482» аппараты 53 жылдан кейін – 10 мамырда таңертең Үнді мұхитына құлады деп хабарлады Роскосмос. Зонд Шолпанға баруы тиіс болған, бірақ аппараттағы ақауға байланысты тиісті траекторияға түсе алмай, жылдар бойы Жерге жақын эллипстік орбитада тұралап қалған.
"Космос-482" 1972 жылы 31 наурызда "Молния-М" ракета тасығышының көмегімен ұшырылды. Ол соған дейін бірнеше күн бұрын ұшырылған "Венера-8" станциясының көшірмесі болуы тиіс еді.
Ғарыш станциясының үдеткіші іске қосылмай, ол жылдар бойы эллипстік орбитада қалып, біртіндеп Жерге жылжи берген. Сол жылы маусымда ұшуды басқару орталығының операторлары үдеткіш пен ұшу модулін аппаратпен бөлу туралы шешім қабылдаған. Олар орбитадан 1981 жылы кетті.
- Станцияны ұшырған зымыран тасығыштың үшінші сатысының бөлшектері 1972 жыл сәуірде Жаңа Зеландияның Эшбертон қаласы маңына құлады. Әрқайсысының салмағы 13,6 келі болатын төрт титан шары сол кезде бірден, бесіншісі 6 жылдан кейін табылды. Шарлардың бірі табылғаннан кейін полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бекітілген. Оған не істеу керектігін ешкім білген жоқ, деп жазды New Zealand Herald. Совет билігі өзінің шарларға қатысын жоққа шығарды.
- "Венера-8" Шолпан жұлдызына 1972 жылы шілдеде жетті. Аппарат планетаға қонып, сондағы желдің жылдамдығын өлшеп, топырағын зерттеген. Станция қонғаннан кейін 50 минут 11 секунд жұмыс істеген.
Путин Украинаға тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Атысты бір айға тоқтату туралы үндеуді жауапсыз қалдырды

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға еш шартсыз 15 мамырдан бастап Стамбулда тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Ол Украина ұсынған атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс жөнінде мүлде айтпады.
Путин 11 мамырда түнде баспасөз жиынын өткізді.
Журналистер алдына шыққан Путин барлығын "жеңіс мерекесімен" құттықтады. Ол Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынақа тоқталып, екі жақтың әріптестігін "шынайы конструктивті" деп атады.
Ол мұны Ресеймен "арсыз" қарым-қатынас жасап, ультиматум қойған мемлекеттерге қарсы қойды.
Путиннің айтуынша, ол Мәскеуге келген мемлекет басшыларымен келіссөз кезінде "Украинадағы соғысты реттеу" мәселесін де талқылаған. Ол Киевті энергетика нысандарына соққы жасады және бұған қоса, Мәскеудің біржақты түрде жариялаған атысты үш күнге тоқтату туралы режимін бұзды деп айыптады.
"Атысты тоқтату режимі жарияланған үш күнде Курск облысына мақсатты түрде бес шабуыл жасалды және Белгород облысы, өзге аудандарға 36 шабуыл талпынысы болды" деді Путин. Ол Украинаны Мәскеуге барған шет мемлекеттердің басшыларын қорқытуға тырысты деп айыптады.
Ресей президентінің айтуынша, атысты тоқтату туралы келесі келіссөзді Стамбұлда өткізген дұрыс. Ол 2022 жылы сол жақта бейбітшілік туралы келіссөз басталып, үзілгенін еске салды.
10 мамырда Киевте Украина президенті Владимир Зеленский Франция басшысы Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Польша премьері Дональд Туск және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескен.
Кездесуден кейін Зеленский 12 мамырдан бастап атысты 30 күнге тоқтату қажеттігі туралы ортақ мәлімдемені жариялады.
Мәлімдемеде тараптар атысты тоқтату үшін ешқандай шарт қоймау қажеттігіне келіскені жазыған.
"Егер Ресей осындай шарттарды алға тартса, онда мұны оның соғысты жалғастыру және дипломатияны үзу талпынысы ретінде қарастыру қажет" деп жазылған мәлімдемеде.
Мәскеу одан бас тартса, "Ресейдің отыны, мұнай мен кеме флотына бағытталған банк пен энергетика секторына" санкцияны үдету керектігі жазылған.
Жексенбі күні Путиннің Стамбұлдағы келіссөзді жалғастыру туралы ұсынысына реакция білдірген Киев "Мәскеу әуелі атысты тоқтатсын" деген талап қойды.
"Әуелі 30 күнге атысты тоқтатсын, одан кейін қалғаны. Ресей соғысты жалғастырғысы келетінін сөзбен жасырмауы керек. Атысты тоқтату - соғысты бітірудің алғашқы қадамы және ол Ресейдің адам өлтіруді тоқтатуға дайын екендігін дәлелдейді" деді Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак желіде.
Оның алдында осыған ұқсас пікірді Украина басшысы Владимир Зеленский де айтқан. Еуропа жетекшілері де Киевтің ұсынысын қолдап, Ресейді қантөгісті тезірек тоқтатуға үндеді.
Трамп Үндістан мен Пәкістан арасында атыс толық тоқтағанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның араағайындығының нәтижесінде Үндістан мен Пәкістан арасында атыс тоқтағанын мәлімдеді.
"АҚШ-тың араағайындығымен түні бойы созылған келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан атысты дереу әрі толық тоқтатуға келіскенін қуана хабарлаймын" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Атыс тоқтағаны жөнінде ақпаратты Пәкістанның вице-премьері Исхак Дар да растады.
Үндістан мен Пәкістан арасында жағдай 22 сәуірде Үндістанның бақылауындағы Кашмирде үнді туристеріне жасалған қарулы шабуылдан кейін күрт шыққан. Шабуылды исламистік сепаратистік топ мойнына алды. Қанды оқиғадан 26 адам қаза болды. Шабуылдаушылардың үшеуі Пәкістан азаматы екені айтылады.
6 мамырда Үндістан Пәкістанға қарсы әскери операция бастады. Делидің хабарлауынша, үнді әскері "теракт үшін пайдаланылған инфрақұрылымға соққы жасауды" көздеген. Пәкістан оған жауап ретінде әуе кеңістігін жауып, ракетамен соққы жасаған.
10 мамырда Пәкістан Үндістанға қарсы "Берік қабырға" атты ауқымды ірі әскери операция бастағанын хабарлады. Исламабад әскери қимылды елдің "егемендігі" мен оның "езілген азаматтарын" қорғау қажеттігімен түсіндірді.
Ақпарат құралдарының жазуынша, пәкістандық армия бірнеше үндістандық әскери нысанға шабуылдаған. Дели пәкістандық әскерді бейбіт аудандарға соққы жасады деп айыптады.
Ұлыбритания, Германия, Франция және Польша басшылары Киевке барды

10 мамырда Киевте Украинаға әскери көмекті жалғастыруға ниет еткен елдердің басшыларының келіссөзі өтеді
Украина ақпарат құралдары 10 мамырда таңертең Киевке Франция президенті Эмануэль Макрон, Ұлыбритания премьері Кир Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц және Польша премьері Дональд Тусктің пойызбен жеткенін хабарлады.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың сөзінше, “Украинаны қолдауға бағытталған маңызды шешімдер” қабылданады. Өзге жайттармен қатар атысты тоқтату шарттары мәселесі де талқыланады.
Ресей 8-10 мамыр аралығында Жеңіс күніне орай атысты үш күнге тоқтатынын мәлімдеген. Алайда екі жақ қарсы тараптың әскери қимылды жалғастырғанын айтты.
Пәкістан Үндістанға қарсы ірі әскери операция бастағанын жариялады

Пәкістан Үндістанға қарсы "Баньян-уль-Марсус" атты ірі әскери операциясын бастады. Бұл жөнінде жергілікті пәкістандық БАҚ-қа сүйенген BBC жазды.
Пәкістан ақпарат құралдарының жазуынша, операция аясында Пәкістан әскері Үндістан аумағындағы көп стратегиялық нысандарға соққы жасауды көздеп отыр. Дереккөздер гипердыбыстық BrahMos ракетасын бірігіп шығаратын үнді-ресейлік кәсіпорынның қоймасын жойғанын да айтқан.
Ақпаратқа қарағанда, сонымен бірге операциясы аясында Пәкістан Үндістанның Удхампур және Патханкот әуе базаларына да соққы жасаған.
Үндістан билігі соққыларға тиісінше жауап беретінін мәлімдеді.
Бұған дейін "Үлкен жетілік" елдері Үндістан мен Пәкістанды қазірдің өзінде кемінде 50 адамның өмірін қиған жанжалды ушықтырмауға шақырды.
Пәкістан әскери операция бастайтынын мәлімдеген соң АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Пәкістанға Үндістанмен келіссөз ұйымдастыру бойынша көмек ұсынды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Пәкістан әскерінің қолбасшысы Асим Мунирмен сөйлесіп, Пәкістан мен Үндістанды мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс мәлімдеді.
6 мамырдың кешінен бастап Үндістан мен Пәкістан ауық-ауық бір-бірін артиллериядан атқылап отыр, салдарынан ондаған адам қаза тапқаны белгілі болды.
Ақын Темірхан Медетбек өмірден озды

Ақын Темірхан Медетбек өмірден озды.
“Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ұлттың асқақ рухты ұлы ақыны Темірхан Медетбек дүниеден өтті” деді Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жергілікті БАҚ-қа.
Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Сауран ауданы Аманкелді атындағы колхозда (казіргі Нұртас ауылы) дүниеге келген.
Алматыдағы Абай атындағы институттың филология факультетінде оқыған.
Әр жылдары түрлі басылымдарда түрлі қызмет атқарды. Республикалық “Ақиқат” қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, 2006 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы болған.
«Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны» жыр жинақтары мен «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты кітаптары жарық көрген. Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған.
Темірхан Медетбек көзі тірісінде қоғамдағы маңызды саяси тақырыптарға пікірін ашық білдіріп отырды. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз зерттеу бойынша құрылған комиссия құрамына кірген. 2016 жылы Жер мәселесі ушыққан кезде де пікірін ашық айтқан зиялылар қатарында болды. Қытай қазақтарына да араша сұрап, хат жазған.
Әріптестерінің айтуынша, марқұм кейінгі күндері сырқаттанып, ауруханаға түскен.
АҚШ-тағы аппеляциялық сот Азаттық радиосының қаржысын бермеу туралы шешімді жойды

АҚШ-тағы аппеляциялық соттың 11 судьясы 7 мамыр кешкісін АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосына сәуірдің (12 млн доллар) ақшасын беруі тиіс деп шешті.
29 сәуірде Вашингтондағы сот Азаттық радиосына сәуірдің ақшасы берілуі тиіс деп шешкен. Бірақ кейін аппеляциялық соттың үш судьясы өзара дауыс беріп, бұл шешімнің орындалуын тоқтатқан. АҚШ президенті Дональд Трамп тағайындаған екі судья шешімді тоқтатуды жақтаса, Барак Обама тағайындаған бір судья ақша берілуі керек деген.
Ал 7 мамырда апелляциялық соттың 11 судьясы істі қайта қарап, ақша берілуі тиіс деген шешім қабылдады. 7 судья Вашингтондағы соттың шешімін қолдаса, төртеуі қарсы шыққан.
Енді USAGM бірінші инстанцияның 29 сәуірдегі шешімін орындап, ақшаны аударуы тиіс. Бірақ агенттік Жоғарғы сотқа шағымдана алады.
Наурызда USAGM Конгресcтің биыл Азаттыққа бөлген шамамен 75 млн долларын бұғаттағанын мәлімдеген. Мұндай шешімді USAGM-ның уақытша басшылығы АҚШ президенті Дональд Трамптың "АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын ысырапсыз жұмсауды жою туралы" бұйрығы негізінде қабылдаған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Вашингтондағы федералды округтік сотта USAGM басшылығының шешіміне қарсы шағым түсірген. Cодан бері Азаттық радиосы мен USAGM арасындағы сот жалғасып жатыр.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
Зеленский Трамппен сөйлесіп, "кез келген сәтте" атысты 30 күнге тоқтатуға дайын екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский 8 мамыр кешкісін телефон арқылы сөйлескен.
Зеленский Трампқа Украина "кез келген сәттен бастап" атысты 30 күнге тоқтатуға дайын екенін мәлімдеп, Ресейден келісім күтетінін айтқан.
"Украина кез келген форматтағы келісімге дайын. Бірақ Ресей соғысты толық аяқтауға шын ниетті екенін көрсетуі керек. Президент Трамп соғыстың аяқталғанын қалайтынын, көмектесетінін, қолдайтынын растады" деді Зеленский.
Ал Трамп Truth Social желісінде Ресеймен және Украинамен келіссөз жалғасып жатыр деп мәлімдеді. Трамптың сөзінше, "АҚШ негізі атысты 30 күнге тоқтатуды талап етеді. Егер атысты тоқтату келісімі сақталмаса, АҚШ пен серіктестері қосымша санкция салады".
АҚШ президенті атысты уақытша тоқтату толыққанды бейбіт келісімге бастама болуы керек деп санайды. "Мұның бәрін өте жылдам жүруі тиіс" деп мәлімдеді ол.
Трамп пен Зеленский Украинаның пайдалы қазбаларын пайдалану бойынша келісім жайлы да сөйлескен.
Ватикандағы конклав Рим папасын сайлады

Ватикандағы конклав жаңа Рим папасын сайлады. Сикстин капелласының мұржасынан ақ түтін будақтап, артында америкалық кардиналық Роберт Превост Рим папасы болып сайланғаны жарияланды. Ол өзіне Лео XIV есімін таңдаған. Роберт Превост - понтифик болатын алғашқы америкалық.
Жаңа папаны сайлау үшін конклавтағы 133 кардиналың 88-і жақтап дауыс беруі тиіс болған.
Католик шіркеуінің конклавы папаны екі рет сайлай алмай, Сикстин капелласының мұржасынан екі рет қара түтін будақтаған. Әдетте конклав папаны сайлай алмаса мұржадан қара түтін, сайласа ақ түтін шығады.
Осыған дейінші понтифик – Папа Франциск (Аргентина тумасы) 21 сәуірде 88 жасында қайтыс болған.
Сот Маралдыдағы фабрикаға қарсылық білдірген тұрғынды 6 күнге қамады

7 мамырда Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын өндіретін фабриканың жұмысына наразылық білдірген Өскемен тұрғыны Тоқтасын Нәбиевті 6 күн әкімшілік қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде бейсенбіде Азаттыққа белсенді Талғат Исин хабарлады.
– Ауылымыздың тумасы алтын фабрикасының жарылыстары қауіпті деген пікірі үшін ұсталды. Жергілікті халық жарылғыш заттар ауыл көшелерімен тасылатын болса қауіпті ғой деп алаңдайды. Былтыр Өскемен – Самар тасжолында жарылғыш зат тасыған жүк көлігі жарылып кетті. Ондай жағдай ауыл ішінде қайталанбасына кім кепіл? Әлгіндей жарылыс болғаны қауіпсіздігімізге кепіл жоқ екенін көрсетеді, – деді Талғат Исин.
Тоқтасын Нәбиевке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру тәртібін бұзу" деген бабы бойынша айып тағылған. Сот қаулысында ол Маралды ауылының тұрғындары мен тумалары отыратын WhatsApp желісіндегі чатта жұртты "заңсыз митингіге шақырған" деп жазылған. "Ол халықты фабрика басына барып, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға үндеген" деген кінә тағылған. Судья айыпталушының кінәсін ортақ топтағы жазбалары анық дәлелдейді деген ұйғарым шығарды.
Нәбиевті 7 мамырда полиция үйінен алып кеткен. Өзі сол сәтте түсірген видеосында тағылған айыпқа келіспейтінін, фабриканың жарылыс жұмыстары туған ауылына қатер төндіреді деп алаңдайтынын айтқан. WhatsApp желісіндегі хатын "бейбіт сипатқа ие", "ешкімді зорлық-зомбылыққа немесе құқыққа қарсы іс-әрекетке үндемейді" деп атаған. Кейін Қазақстанның құқық қорғау ұйымдарына жазған хатында өзінің "пікір білдіру еркіндігі бұзылып отырғанын", "істің саяси астары барын" келтірген.
Ресми Астана елде ешкім ой-пікіріне я саяси көзқарасына бола қудаланбайды дейді.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы 2024 жылғы 26 қарашада іске қосылған. Жергілікті халық оның салынуына екі жылдан астам уақыт қарсылық танытты, алтын өндірісі ашылса да зауыт жұмысын тоқтатсын деген талапарын жергілікті әкімдікке айтуды доғармады.
– Қарсы болып келе жатқанымызға үш жылдан асты. Фабрика астынан бұлақ шығады, зираттарды күреп тастады, басқа да заңсыздық көп. Дәлелдерімізді полицияға ұсынсақ та көз жұма қарайды, – деді Талғат Исин.
Ауыл тұрғындары фабриканың алтынды топырақтан цианид қоспасымен ажыратуы қоршаған ортаға қауіпті деп есептейді. Сонымен бірге жарылыс жұмыстары аң-құсты үркітіп, ауылдағы ара шаруашылығына да кері әсер етеді дейді. Тәуелсіз экологтар да зауыт жобасының мінсіз іске асатынына күмән келтіріп, цианид қоспасы көктемгі қар суымен және жерасты суымен араласып, өзенді улайды деген.
Фабрика халықтың алаңдаушылығынан кейін жобаға қосымша өзгеріс енгізілді, цианид суын топыраққа өткізбейтін қабат екі есе қалыңдатылды деп мәлімдеген. Сонымен бірге жобада кәсіпорын экологияға зиян келтірмейді деп көрсетілген. Маралды халқы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше мәрте үндеу жолдап, жағдайды келіп көруін сұраған. Тоқаев жұрттың арыз-өтінішіне тікелей жауап берген жоқ. Облыс әкімі кен барлау мен фабрика құрылысы "заң аясынан шыққан емес" деген пікір айтқан.
Ватиканда жаңа папаны таңдамақ болғандардың екінші талпынысы да сәтсіз аяқталды

Бейсенбі, 8 мамыр күні Рим-католик шіркеуінің конклавына жиналған кардиналдардың жаңа папаны сайламақ болған екінші талпынысы да нәтижесіз аяқталды. Ең жоғарғы дінбасы болуға ұсынылған кандидаттар бойынша тағы екі рет дауыс беру өткізілгенімен, жергілікті уақытпен күндізгі сағат 11 шамасында Сикстин капелласы шатырындағы мұржадан будақтап шыққан қара түтін сырттағы жұртқа жаңа папа әлі сайланбағандығынан хабар берді.
Мұның алдында сәрсенбі күнгі дауыс беру нәтижесінен соң да мұржадан әуеге қара түтін көтерілген.
Рим папасын сайлау процесі өте құпия түрде өтеді. Сайлау нәтижесін капелла мұржасынан қандай түтін шыққанына қарап білуге болады. Ақ түтін жаңа папа сайланғанын, қара түтін – папа әлі анықталмай жатқанын білдіреді.
Бұл жолы дауыс беруге әлемнің әр түкпірінен жиналған 133 кардиналдың үштен екісінің, яғни кемінде 89-ының қолдауына ие болған адам Рим-католик шіркеуі тарихындағы 267-папа болып сайланбақ.
Формалды түрде кез келген үйленбеген діндар католик папа болып сайлана алады делінгенімен, 1389 жылдан бері Рим-католик шіркеуінің басшысы кардиналдар арасынан сайланып қойылады. Папа болып сайлануға кандидаттар алдын ала анықталмайды. Жаңа дінбасын таңдау кейде бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Мұның алдында, 2013 жылы наурызда 115 кардинал сайлаушы жаңа папаны таңдау үшін бес қайтара дауыс берген.
Үш күнге атысты доғармақ болған Ресей Украинаны бомбалады. Бір адам қаза тапты

Украина әуе күштерінің бейсенбідегі таңғы мәліметінде 2025 жылдың 8 мамырына ауған түн жарымынан кейін, Ресей әскері Сумы облысына тактикалық авиация бомбасын тастап, белсенді қимылға кіріскені айтылған.
Ресей президенті Владимир Путин жариялаған үш күндік оқ атпау режимі 8 мамырда түнгі сағат 00:00-де күшіне енуге тиіс еді.
Украинаның төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі бейсенбі күні таңертең Сумы облысында Ресей армиясы Белополье ауданындағы тұрғын үйлер орналасқан аумаққа шабуыл жасағанын хабарлады. Бір тұрғын үй толық қирап, тағы үшеуіне зақым келген, жеті шаруашылық құрылысы бүлінген. Шабуылға ұшыраған аумақты зерттеу барысында құтқарушылар қиранды басып қалған бір әйелді алып шығып, медициналық жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Мемлекеттік төтенше жағдай қызметінің дерегінше, Сумы ауданында түнгі атыстан кейін үш тұрғын үйде өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнында таңға дейін жұмыс істеген. Бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Кейінірек аймақ прокуратурасы болған оқиғаны нақтылап, 8 мамырда түнгі сағат үштің шамасында Сумы ауданына басқарылатын авиациялық бомба түсті деп хабарлады. Салдарынан 55 жастағы әйел өз үйінде қаза тауып, оның 24 жастағы ұлы жараланған.
Ресей әскери билігі Сумы облысына шабуыл жасау жалғасып жатыр деген ақпаратқа байланысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Харьков облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бейсенбі күні таңертеңгі сағат 7.00 шамасында Ресей әскери күштері FPV-дронмен Харьков ауданына қарасты Большие Проходы ауылы маңында жолда кетіп бара жатқан Renault Sandero көлігіне шабуыл жасаған. Салдарынан 18, 30 және 58 жастағы үш әйел жараланған. Олар ауруханаға жеткізілген деп хабарлады прокуратура.
Қазақстан Пәкістан мен Үндістандағы азаматтарын эвакуациялауды жоспарлап отырған жоқ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі екі күннен бері бір-бірін ара-тұра атқылап жатқан Үндістан мен Пәкістандағы жағдай мен ол елдердегі қазақстандықтар жөнінде пікір білдірді. СІМ дәл қазір қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ деп мәлімдеді.
"Қазіргі кезде ондай қажеттілік жоқ. Соғыс жоқ, ауқымды әскери іс-қимыл жүріп жатқан жоқ. Әуе кеңістігі ашық. Яғни, бұл – Air Astana (қазақстандық әуекомпания – ред.) компаниясының мәселесі, олар жағдайды өздері бағалайды. Біздің азаматтарымызға шынайы қауіп төніп тұрғаны анық болған жағдайда ғана эвакуация мәселесі көтеріледі. Әзірге ондай жағдай жоқ", — деді Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин 8 мамыр күні парламент сенатындағы брифинг барысында.
СІМ шенеунігі Қазақстан азаматтарының саны Үндістанға қарағанда Пәкістанда көбірек екенін айтты. Қалай болғанда да, қазақстандықтар Үндістандағы Қазақстан елшілігімен байланыста отыр деді ол.
Қазақстандық Air Astana әуекомпаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты, 8 мамырдан бастап Алматы – Дели – Алматы және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтатқанын хабарлаған.
6 мамырдың кешінен бастап Үндістан мен Пәкістан ауық-ауық бір-бірін артиллериядан атқылап отыр, салдарынан ондаған адам қаза тапқаны белгілі болды.
ПІКІРЛЕР