Пекин АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайдан әкелінетін импорт тауарларға қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу саясатына қарсы "соңына дейін күресуге" бел байлап отыр деп хабарлады Reuters агенттігі.
Содан бір күн бұрын Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Қытайдан әкелінетін импорт тауарларына салынатын 54 пайыздық баж салығы тағы 50 пайызға артуы мүмкін екенін мәлімдеген. АҚШ президенті мұндай шараны Пекин америкалық импортқа 34 пайыздық баж салығын енгізетін болса қабылдаймын деген. Кейін Трамп ондай ниеті барын Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында растады.
Егер ол сөзі іске асатын болса, АҚШ-тың Қытайдан әкелінетін импорт тауарларға салатын баж салығы 104 пайызға жетпек: оның 20 пайызын Трамп наурыз айында, ал оған қосымша тағы 34 пайызын өткен аптада енгізген.
"АҚШ Қытайға қарсы баж салығын көтерем деп, қате үстіне қате жасап жатыр, бұл АҚШ-тың бопсашыл сиқын тағы да көрсетті. Егер АҚШ өз дегенінен қайтпайтын болса, Қытай соңына дейін күреседі", – деп мәлімдеді Қытайдың сауда министрлігі.
Бұған қоса Еуропа одағы АҚШ-тан әкелінетін бірқатар тауарға 25 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр, деп жазды Bloomberg. Басылымның хабарлауынша, Еурокомиссия құжаттарында баж салығы мөлшерін арттыру ұсынылған ондаған тауар түрі аталған. Бұған дейін Reuters агенттігі Еуроодақ АҚШ-тан алатын ет, дақылдар, шарап, ағаш, киім-кешек, сағыз, әжетхана қағазы және басқа да тауарларға көтеріңкі баж салығын енгізуді жоспарлап отыр деп хабарлаған еді.
Bloomberg мәліметі бойынша, кейбір тауарға 25 пайыздық баж салығы 15 сәуірден бастап енгізу көзделген, бірақ негізгі қарымта шаралар мамыр айының ортасында күшіне енбекші.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2 сәуірде Американың сауда серіктестерінің басым көпшілігіне қарсы баж салықтары енгізілетінін жариялаған. Атап айтқанда, Еуроодақ елдерінен АҚШ-қа әкелінетін импорт тауарларға 20 пайыздық баж салығы енгізілді. Ұлыбританиядан алынатын тауарларға 10 пайыздық баж салығы енгізіледі деп айтылды, ал кейбір елдерден әкелінетін тауарларға 40 пайызға дейін баж салығы салынады.
Еуроодақ билігі АҚШ-пен баж салығына байланысты келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ АҚШ-қа өнеркәсіп тауарларынан екіжақты баж салығын алып тастауды ұсынғанын, бірақ "ол ұсынысқа тиісті жауап алынбағанын" айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақ АҚШ-пен импорт тарифі бойынша келіссөз жүргізуді жөн санайды