Песков: Ресей Стамбұлға кім баратынын Путиннің ұйғарымынан соң жариялайды

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Астана, Қазақстан, 27 қараша, 2024 жыл.

Ресей 15 мамырда Стамбұлда өткелі отырған Украинамен келіссөзге дайындықты жалғастырып жатыр, ал Кремль әзірге бұдан өзге ештеңе айта алмайды. Сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді.

Ресейден Стамбұлдағы келіссөзге кім қатысатыны туралы қойылған сұраққа Песков Кремль ресейлік делегация құрамын президент Путин қажет деп тапқан кезде жариялайтынын айтты.

Бұған дейін бірқатар Telegram-арналар, соның ішінде ЕЖ арнасы, ресейлік делегация құрамында Сергей Лавров пен Юрий Ушаков болады деп хабарлаған еді, алайда мұндай ақпаратты қайдан алғанын көрсетпеген.

Кремль сейсенбі күні президент Путин 14 мамырда Мәскеуде Малайзия премьер-министрін қабылдайтынын хабарлады.

Киев Мәскеуге атысты ешқандай алғышартсыз 30 күнге толық тоқтатуды ұсынып, оған Еуроодақ пен АҚШ қолдау танытқаннан кейін Путин жауап ретінде Стамбұлда 15 мамырда келіссөз өткізуді ұсынған. Мәскеу атысты 30 күнге тоқтату жөнінде ештеңе демеді. Украина президенті Владимир Зеленский Кремльдің ұсынысына жауап ретінде Түркияға тек Путинмен бетпе-бет кездесуге ғана баруға дайын екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаны тікелей келіссөзге шақырып, өзі де Стамбұлға ұшып келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазір Трамп Таяу Шығыста сапармен жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптың өкілі Вашингтон Мәскеу мен Киевке қандай талап қойғанын айтты

Bloomberg агенттігі сейсенбі күні дереккөздерге сүйеніп, Еуропа одағы елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды Стамбұлдағы келіссөздің мән-жайы анық болғанға дейін кейінге қалдыра тұруға келіскенін жазды.

Әзірге Стамбұлда келіссөз нақты өтетіні де, Ресей мен Украина делегацияларының құрамы да ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен, тараптардың кейінгі мәлімдемелері және Ресей мен Украинаның Түркия өкілдерімен өтуі ықтимал кездесуге белсенді дайындалып жатқанына қарап, қандай форматта екені әзірге белгісіз Стамбұлдағы кездесу өтуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды деп жазады ақпарат агенттігі.