Палестиналық ХАМАС радикалды тобы (АҚШ пен Еуроодақ оны террористік ұйым деп таныған) АҚШ пен Израиль азаматы Идан Александерді босататынын мәлімдеді. ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде Александерді тұтқындап, Газа секторына алып кеткелі бері кепілде ұстап отыр.
Идан Александер – Израиль армиясының әскери қызметкері. ХАМАС оны Израильмен атысты тоқтату жайлы келісімге қол жеткізу және Газаға гуманитарлық көмек кіруін қамтамасыз ету жолындағы күш-жігер аясында босататынын мәлімдеген. Оған қоса бұл процеске Қатар, Түркия және Египет елдері арағайындық жасағанын айтқан. ХАМАС кепілге алынғандардың бәрін босату туралы келісім жасауға дайын екенін білдірді (мәлімдемеде бұл "тұтқын алмасу" деп аталған, себебі Израиль қарымта ретінде палестиналық тұтқындарды босатады).
Александердің нақты қашан босатылатыны әзірге белгісіз. АҚШ-тың арнайы өкілі Адам Бойлер бұл шешімді алға қадам деп атап, ХАМАС-ты қаза тапқан болуы мүмкін деп айтылып жүрген төрт америкалық азаматты да қайтаруға үндеген. Александер – ХАМАС кепіл ретінде ұстап отырғандар арасында тірі қалған соңғы америкалық азамат болуы мүмкін. Кейінгі деректерге қарағанда, 2023 жылы қазанда ХАМАС тұтқындап әкетіп, сол күйі қайтармай отырған 59 адамның кемінде 22-сі әлі тірі.
10 мамырда ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасаған шабуыл кезінде тұтқындап, кепіл ретінде Газа секторына әкеткен адамдар жайлы жаңа видео жариялады. Видеоның соңындағы титрде кепілге алынғандардың өмірін атысты тоқтату туралы келісім ғана сақтап қалады деп жазылған. Видео қашан және қандай жағдайда түсірілгені белгісіз.
Келесі аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығысқа сапарын бастамақ. Ол Парсы шығанағындағы елдерге барғалы отыр, алайда Израильге бармайды. Жақында израильдік Maariv басылымы Ақ үй Газа секторында ауқымды әскери операцияның Трамптың сапары қарсаңында басталғанын қаламайтынын жазған. Ақпарат көзіне сүйенсек, АҚШ әскери іс-қимыдарға кедергі келтірмейді, бірақ оларға қолдау да танытпайды.
Осы мәселеде араағайын болған елдер атысты ең болмағанда уақытша болсын тоқтату және кепілге алынғандарды босату жөніндегі келісімге қол жеткізуге талпынып жатыр.