Бітім жайлы сөз болып жатқанда Ресей Украинаға 108 дронмен шабуылдаған

Киев маңына құлаған ресейлік Heran-2 дронының тамтығы. 10 мамыр, 2025 жыл.

12 мамырға қараған түні Ресей әскері Украинаға 108 дронмен шабуыл жасаған. Бұл туралы Украина қарулы күштерінің әуе күштері хабарлады. Дрон шабуылы Одесса, Николаев, Житомир және Донецк облыстарына жасалған.

Одесса облысында дрон шабуылы салдарынан бір адам зардап шеккен.
Белгород-Днестровский қаласы да шабуылға ұшырады: тұрғын үйлерге, әкімшілік ғимаратқа және өрт сөндіру бөліміне зақым келген.

Украина темір жолы Донецк облысында жүк пойызына шабуыл жасалып, машинист жараланған деп хабарлады.

Осылайша, Ресей Украина билігі жасаған, Еуропа одағының жетекші елдері мен АҚШ қолдаған, 12 мамырдан бастап 30 күнге атысты толық доғару туралы үндеуді елеусіз қалдырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинаны Ресеймен Түркияда кездесуге үндеді. Зеленский "Путинді күтетінін" айтты

Украина Ресейге екіжақты бейбіт келіссөз бастау үшін әуелі атысты ұзақ мерзімге толық тоқтатайық деп шарт қойған. Ал Ресей президенті Владимир Путин атысты алдын ала тоқтатпай-ақ, 15 мамырда Стамбұлда келіссөз өткізуді ұсынды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаны Ресеймен мүмкіндігінше тезірек келіссөз бастауға шақырды. Бұған қоса ол бейбіт келісім жасау мүмкіндігіне күмән келтірді.

Украина президенті Владимир Зеленский Түркияға барып, Путинмен жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеді, бірақ Путин ондай ойы барын айтқан емес. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, ол атыс тоқтатылмаса да Түркияға бармақ ниетте. Мұны дереккөздерге сүйеніп Axios басылымы да растады.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай үш күндік бітім жариялаған болатын. Путин бітім кезінде Ресей барлық әскери іс-қимылды тоқтатады деп мәлімдеген. Алайда украин әскерінің мәліметінше, Путиннің ол сөзі орындалмаған. Соған қарамастан, Украина қарулы күштерінің әуе күштері басшылығының деректері бойынша, үш күн бойы Украина аумағы жаппай дрон шабуылынан тыныш болған. Путин жариялаған үш күндік бітім 11 мамырға қараған түні аяқталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Киевке тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Атысты бір айға тоқтату үндеуіне жауап бермеді