Бішкектегі №33 мектеп-гимназияға қазақ жазушысы, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл жөнінде Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, мектепке қазақ жазушысының есімін беру туралы бастаманы президент Садыр Жапаров көтерген.
№33 мектеп-гимназиясында соғыс жылдары жаяу әскер училищесі орналасқан және Кемел Тоқаев соны бітіріп, сол жақтан майданға аттанған деседі.
Бір ай бұрын Қазақстан президенті осы мектепке арнайы автобусты сыйға тартқан.
Кей сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері Қазақстанның өз ішінде оның әкесінің есімі жиі аталып, оны мақтау мен мадақтау жиілегенін айтады. Кейбірі Назарбаев кезеңіндегі жеке басқа табынушылық белгілері көріне бастағанын да айтқан.
Бұған дейін жергілікті шенеуніктер Кемел-Тоқаевтың суреті салынған ондаған кілем мен оның бейнесі бедерленген 200 медаль жасауға тендер жариялап, кейін қоғам сынынан кейін алынып тасталған еді. Тоқаевтың өзі жергілікті ақпарат құралдарына өзінің "мақтау-мадақтауды жараптайтынын", ондайға “табиғи иммунитеті” барын айтқан.