БАҚ: Ресейдің Украинадағы әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы Суровикин Алжирде жұмыс істеп жүр

Ресей генералы Сергей Суровикин

Украинамен соғыста Ресей әскерінің біріккен тобын басқарған армия генералы Сергей Суровикин қазір Алжирде қызмет атқарып жүр. Ресейлік "Коммерсант" газеті осылай деп хабарлады. Басылым Ресейдің Алжирдегі елшілігінде Жеңіс күніне орай өткен қабылдауда түсірілген фотосуреттерде дипломатиялық миссия қонақтарының арасында Суровикинге қатты ұқсайтын адам бейнеленгеніне назар аударған.

Елшілік хабарламасында генералдың аты-жөні жоқ. Ол тек "ресейлік әскери мамандар тобының жетекшісі" ретінде аталған.

2023 жылдың жазында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін салушы Евгений Пригожиннің бүлігінен кейін генерал Суровикин жұрт көзіне түспейтін болған. Бұқаралық ақпарат құралдары генерал бүлік жайлы алдын ала біліп, кейінірек қамауға алынған болуы мүмкін деп топшылаған еді, алайда бұл ақпаратты ресми түрде ешкім растаған емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Генерал Суровикин және басқалар. Ресейде "Пригожин бүлігінен" кейінгі тазарту басталып кетті ме?

Генерал Сергей Суровикин 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Ресейдің Украинадағы әскери тобын басқарды. Ол кезеңде Ресей армиясы Херсон қаласынан шегінген болатын.

2023 жылдың тамызына дейін Суровикин Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарды.

Биылғы жылдың басында Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виктор Соболев Суровикин Африка елдерінің бірінде әскери кеңесші болып жұмыс істеп жүр деп мәлімдеген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей әскери элитасы "Пригожин бүлігінен" кейін қалай өзгерді? Ұтқан кім, ұтылған кім?